«БАЛАБАҚШАДАҒЫ БУЛЛИНГ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТІЛДІ
«БАЛАБАҚШАДАҒЫ БУЛЛИНГ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТІЛДІ
Балабақша меңгерушісі Бейсебекова Гулайм Жумабаевна
Қазіргі кезең ақпараттық технологиялар кезеңі. Сондықтан кез-келген ақпарат өте жылдам, тез тарайды. Осы орайда түрлі әлеуметтік желілерде, ақпараттық сайттарда буллинг құрбаны болған мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің балалары жайлы ақпараттар да таралып жататыны жасырын емес. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында КМҚК «№ 147 бөбекжай – балабақшасында «Балабақшадағы буллинг» тақырыбында семинар педагогтармен өткізілді.
Ең алдымен буллинг сөзінің негізгі мағынасына тоқтала кетсек. Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда, қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін.
Көпшілік адамдар, мұндай әрекеттердің ең көп қайталанатын, жиі көрініс беретін орны балабақшада деп ойлайды. Негізінде олай емес, бұл жайт қоғамда кез-келген жерде, кез-келген мекемеде болуы мүмкін. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы буллинг жайлы тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.Себебі, бұл өте маңызды, әрі дәл қазіргі уақытта ең актуалды тақырыптардың бірі болып есептеледі. «Неге?» деген заңды сұрақ туады. Себебі, бүгінде кез-келген жайсыз хабар тез таралып, резонанс тудырып жатады.
Біз үшін, біздің мекеме қызметкерлері үшін білім алып, тәрбиеленіп жатқан балардың денсаулығы мен қауіпсіздігі ең басты орында. Бізге сенім артып өзінің балаларын тәрбиелеуге алып келген ата-аналардың көкейінде күмән тумауы үшін үнемі тағлымды сабақтар өткізіліп, қызметкерлер арасында өз ара талқыланып, мұндай келеңсіздіктерді болдырмаудың жолдары айтылып, түсіндіріліп отырады.
Семинарда баламен қарым-қатынас, баланың толық жай-күйін бақылауда ұстай отырып, үлкен мейіріммен байланыс орнату жайлы айтылды. Сонымен қатар, өзге әріптесінің тәрбиеленушіге деген қарым-қатынасында буллинг белгілерін байқаған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді.
Мамандардың айтуы бойынша зорлық-зомбылықты балабақшадан бастап көрген баланың ойлау жүйесі, қоғамға деген көзқарасы өзгереді. Міне, сол келеңсіздіктерді болдырмау үшін біздің балабақша үнемі жүйелі түрде іс-шаралар өткізіп, тәрбиешілер арасында тағлымды дәрістер өтіп тұрады.
Семинар барысында балабақшадағы балалар арасындағы буллинг байқалған жағдайда тәрбиешінің іс-әрекеті қандай болуы тиіс. Міне осы сұраққа да мамандар жауап ала алды. Өзге баладан зорлық-зомбылық көрген баланы байқаса, тәрбиеленушілер арасындағы жайттарды бақылай отырып үнсіз қалса, онда ол тәрбиешінің де бұл іске жанамалы түрде қатысы бар болып шығады. Сондықтан тәрбиешілердің басты мақсаты тәрбие мен білімді қатар бере отырып, балаларды зорлық-зомбылық әрекеттерден алшақ ұстауға үйрету. Оның себеп-салдарын болдырмау үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, баларды дұрыс қарым-қатынасқа үйрету.
Кезекті өткен семинарда балабақша қызметкерлері де өздеріне қажетті ақпаратты толық ала алды. Мұндай семинарлар өте қажет. Ол бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі үшін, әр мекемеде қызмет ететін тәрбиешілердің біліктілігі мен білімін жетілдіріп отыру үшін керек. Біз алдағы кездерде де бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізіп отырамыз.